Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды
Мұрат Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды, – делінген хабарламада.
Мұрат Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын, РФ Азаматтық қорғаныс істері министрлігі Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының нормативтік-техникалық бөлімінде бас маман болып бастады.
2006 жылдан 2014 жылға дейін Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті құрылымында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2014–2017 жылдары – Маңғыстау облысы ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет бөлімінің бастығы, Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы.
2017–2020 жылдары – Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.
2020–2023 жылдары – Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.
2023–2024 жылдары – ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы.
2024-2026 жылдары ҚР ТЖМ Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып қызмет атқарды.
2026 жылғы маусымнан бастап ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.
2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.



