ШҚО тұрғындары үш айда тіс дәрігеріне 2,7 млрд теңге жұмсаған

Халық өз қаражаты есебінен 6,13 млрд теңгеге медициналық қызмет алған, бұл соманың жартысына жуығы тіс емдеуге кеткен.
2026 жылдың екінші тоқсанында Шығыс Қазақстан облысында 35,78 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсетілді. Бұл сомаға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен де, өңір тұрғындарының жеке қаражаты есебінен де төленген қызметтер кіреді.
Мұндай деректерді ҚР Ұлттық статистика бюросы жариялады. Тұрғындар медициналық қызметке 6,13 млрд теңге жұмсаған. Бұл соманың басым бөлігі стоматологияға тиесілі. Оған 2,74 млрд теңге немесе халықтың медициналық қызметтерге жұмсаған барлық шығынының жартысына жуығы (45%-ы) жұмсалды.
Бұл ретте тұрғындардың өзі өңірдегі стоматологиялық қызметтердің жалпы көлемінің 91%-дан астамын төлеген. Бұл бағыт бойынша жалпы сома 2,99 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатынан 216,4 млн теңге төленсе, тағы 36,5 млн теңге кәсіпорындардың қаражатына тиесілі болды.
Денсаулық сақтау саласының ең ірі бағыты ретінде ауруханалар көрсеткен қызметтер қалып отыр. Үш ай ішiнде ШҚО-да бұл қызметтерге 18,33 млрд теңге кеткен. Бұл соманың 16,91 млрд теңгесі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан түскен.
Жалпы дәрігерлік практикаға 5,76 млрд теңге, мамандандырылған көмекке 3,65 млрд теңге жұмсалды. Денсаулық сақтау бойынша өзге де қызметтердің көлемі шамамен 5,05 млрд теңгені құрады.
Жалпы алғанда, медициналық көмекті төлеудің басты көзі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры болды. Оның есебінен 25,52 млрд теңгеге немесе жалпы соманың 71%-дан астамына қызмет көрсетілді.



