Жаңалықтар

ШҚО-дан 700-ге жуық азамат әскерге шақырылады

1 қыркүйектен бастап Шығыс Қазақстан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл облыстан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен өзге де әскери құралымдарға шамамен 700 азамат жіберу жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қазбек Ахметов мәлімдеді.

Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылатын азаматтарға тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша әскерге шақыру қағазы табысталады. Бұдан бөлек, 1414 қызметі арқылы SMS-хабарлама жіберіледі. Әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату туралы өтініш eGov.kz порталы арқылы қабылданады.

Қазбек Ахметовтың айтуынша, жалпы өңір аумағында 10 шақыру және медициналық комиссия жұмыс істеп жатыр.

Әскерге шақырылушыларды медициналық тексеру тамыз айының соңында басталған. ШҚО «Жұмылдыру дайындығын және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметі» КММ бастығы Рафик Симбиновтың айтуынша, мандаттық комиссия өткізіліп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жөнелтілетін алғашқы әскерге шақырылушылар тобы анықталған.

– Қазір 32 әскерге шақырылушы ҰҚК Шекара қызметіне аттанады. Алдымен олар Күршімде оқу-жаттығу даярлығынан өтеді. Одан кейін шекара заставаларына бөлінеді, – деді Рафик Симбинов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button