ШҚО-да 100-ден астам дәрігер жетіспейді

Шығыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдарында 102 бос жұмыс орны бар. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігерлерге, психиатрларға, анестезиолог-реаниматологтарға, терапевтер мен кардиологтарға сұраныс жоғары, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Қорғанбекованың айтуынша, дәрігерлердің жетіспеушілігі әсіресе Өскемен қаласында байқалады (50 маман қажет). Ал Риддерде – 13, Алтай ауданында – 14, Шемонаиха ауданында – 9 дәрігер жетіспейді.
Катонқарағай және Күршім аудандарының әрқайсысына үш дәрігерден қажет. Үлкен Нарын, Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарында екі дәрігерден жетіспейді. Ұлан ауданында бір маман керек.
Дәрігерлер тапшылығы әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігерлер арасында жоғары. Өңірдегі медициналық ұйымдарға 16 осындай маман қажет. Сонымен қатар 8 психиатр, 6 анестезиолог-реаниматолог, оториноларинголог, терапевт және кардиолог, 5 акушер-гинеколог, 5 офтальмолог, 5 жалпы хирург, 4 невролог қажет.
Кадр тапшылығының бір бөлігін резидентурада мамандар даярлау арқылы толықтыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың қаржыландыруымен 55 маман білім алып жатыр.
Биыл резидентураны 28 маман тәмамдады. Олардың ішінде сегіз офтальмолог, бес анестезиолог-реаниматолог, төрт невролог, төрт оториноларинголог, үш кардиолог, екі реабилитолог, бір акушер-гинеколог және бір радиолог бар.



