Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі қауіпсіздік күшейтілді – ШҚО

Аймақта жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары мәлімдеді.
Өңірде барлығы 671 білім беру нысаны есепке алынған. Профилактикалық бақылау барысында оның 362-сі тексеріліп, 2 392 заңбұзушылық анықталды.
Мамандардың айтуынша, негізгі кемшіліктер автоматты өрт дабылы жүйелерінің ақауына, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жеткіліксіздігіне және су көздерінің жарамсыздығына қатысты. Бұдан бөлек, бірқатар ғимаратта эвакуациялық жолдардың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды.
Тексеру қорытындысы бойынша мекеме басшыларына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берілді. 286 нысанға қатысты жедел ден қою шаралары қабылданды. Талаптарды орындамағаны үшін 29 әкімшілік іс сотқа жолданды.



