Өскемендік тұрғын бір пәтерді 25 адамға «сатқан»

Өскемен тұрғындарына мемлекеттік бағдарлама арқылы тиімді бағада баспана алып беруге уәде берген ер адам ұсталды.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 30 жастағы күдікті 2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың сәуіріне дейін азаматтардан “баспана рәсімдеп беремін” деген сылтаумен ақша алып келген. Қаражатты қолма-қол да, банк шоттарына аудару арқылы да алған.
Кейін ол тұрғындардан баспананы тіркеу, құжаттарды рәсімдеу және басқа да шығындар үшін қосымша ақша талап еткен.
Сенімге кіру үшін ер адам пәтерді жалдап, оны жәбірленушілерге болашақ баспанасы ретінде көрсеткен. Алайда уәде етілген пәтер де, құжаттар да берілмеген.
— Тергеу барысында 25 адам зардап шеккені анықталды. Келтірілген жалпы шығын 186 млн 445 мың теңгені құраған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өз кінәсін мойындаған, — деп хабарлайды ШҚО ПД.
Полиция тұрғындарға баспана сатып алар алдында құжаттарды, мәміленің заңдылығын және ұсыныстың ресмилігін мұқият тексеруге кеңес береді.



