Электросамокаттарға тротуар және жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды

Енді электросамокаттарды тек веложол немесе веложолақта тебуге болады. Веложол болмаса, жол қозғалысы қағидаларына сәйкес жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, жол үстімен тек 18 жастан асқан, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш шлемін пайдаланатын адамдарға ғана жүруге рұқсат етіледі.
Мопедтер тек жолдың жүру бөлігімен қозғалуы тиіс. Жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед жүргізушілері көліктен түсіп, оны жанында жетектеп өтуге міндетті. Жолаушы тасымалдауға, рөлде отырғанда телефон пайдалануға, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық шағылғыстырғыш элементтерсіз жүруге тыйым салынады, — деп еске салды ШҚО ПД баспасөз қызметі. — Автокөлік жүргізушілері де барынша мұқият болуы керек: қиылыстарда, аула аумақтарында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және самокат пен велосипед күтпеген жерден шыға келуі мүмкін жерлерде жылдамдықты төмендетіп, қырағы болуы керек.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Ата-аналар балаларға жол қозғалысы қағидаларын ерте жастан үйретіп, самокат, велосипед, мопед және мотоцикл пайдалануын бақылауы тиіс.



