ШҚО-да қос азаматтығы бар 35 адам жауапқа тартылды
Жыл басынан бері облыста 550-ден астам азаматтың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы тіркелген. Олардың басым бөлігі басқа мемлекеттердің азаматтығын алған. Кейбіреуі елге кіру және Қазақстан аумағында тұру кезінде әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалу мақсатында қазақстандық құжаттарды пайдалануды жалғастырған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Азаматтық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 9 азамат Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған.
– Мәселен, облыс орталығының 64 жастағы тұрғыны басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уақытылы хабарламаған және Қазақстан Республикасының құжаттарымен жүре берген. Тексеру барысында әйелдің құжаттары тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелді, – делінген ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.



