Өскемендік оқушы халықаралық олимпиададан жүлделі оралды

Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен IGeO-2026 халықаралық география олимпиадасында Өскемендегі «Білім-Инновация» лицейінің 11 сынып оқушылары Алан Козленко мен Амир Дарынов күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бүгін Өскемен әуежайынан Алан Козленконы туған-туыстары, жақындары, достары ыстық ықыласпен қарсы алды.
11-17 тамыз аралығында Ыстамбұл қаласында IGeO-2026 халықаралық география олимпиадасы өтті. Білім додасына ұлттық іріктеу кезеңдерінен өткен 50 елдің 184 оқушысы қатысты.
Қазақстанның ұлттық құрамасы IGeO-2026 халықаралық география олимпиадасында екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды.
Қазақстан командасының құрамында Өскемендегі «Білім-Инновация» лицейінің 11 сынып оқушылары Амир Дарынов пен Алан Козленко қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша Амир Дарынов пен Алан Козленко II дәрежелі дипломдармен және күміс медальдармен марапатталды.
– Ұйымдастыру жұмыстарының барлығы жоғары деңгейде өтті, маған бәрі ұнады. Экскурсияларға бардық. Олимпиаданың өзі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қобалжу болды. Менің ойымша олимпиаданың ең қиын бөлігі, практикалық тур болды. Себебі бейтаныс елде белгіленген маршрут бойынша жүріп, сол жердің ерекшеліктеріне байланысты тапсырмаларды орындау керек болды. Барша қолдау көрсеткен жандарға алғысымды айтамын, – деді Алан Козленко.
Алан Козленконың анасы Алмагүл Жамбылова Аланның олимпиадада күміс жүлдеге ие болуы – оның осы жаздағы кезекті үлкен жетістігі екенін жеткізді.
– Бүгін бізде үлкен қуаныш екі бірдей оқушымыз Алан мен Амир халықаралық география олимпиадасынан күміс медаль иеленді. Өте қуаныштымыз. Сонша жылғы еңбек, ата-ананың үміті ақталып жатыр, – деді «Білім-Инновация» лицейінің география пәні мұғалімі Айгүл Маратқызы.
Амир Дарыновтың анасы Майра Жақсылықова Амирдің Италияда өтетін халықаралық олимпиадаға қатысу үшін бүгін Италияға аттанатынын айтты. Сол себепті ол бүгінгі кездесуге қатыса алмады.
– Жетінші сыныпта Амир осы лицейге оқуға түскеннен кейін география пәніне қызығушылық таныта бастады. Бірнеше жыл бойы осы бағытта жүйелі түрде дайындалып, білімін жетілдірді. Еңбегі мен табандылығының нәтижесінде Түркияда өткен халықаралық олимпиадада күміс медаль жеңіп алды. Ол бүгін бірден Италияға жол тартады. Онда Жер туралы ғылымдар бағыты бойынша тағы бір халықаралық олимпиада өтеді. Оған жеңіс тілейміз. Елге жүлделі медальмен оралады деп үміттенеміз, – деді Майра Жақсылықова.




