ШҚО-да балалар ХҚКО-ның жұмысымен танысты

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» республикалық онкүндігі аясында «Үміт» балалар үйі мен «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» тәрбиеленушілері Өскемен қаласындағы №3 Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Бұл сапар «Кибер Тұмар» күніне орай ұйымдастырылып, балаларды заманауи цифрлық технологиялармен және мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталды. 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының қызметкерлері қонақтар үшін ХҚКО-да таныстыру экскурсиясын ұйымдастырып, мекеменің негізгі жұмыс бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді. Олар мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін қалайша заманауи цифрлық технологиялар арқылы ашық, ыңғайлы және қолжетімді етуге болатынын көрсетті.

Экскурсия барысында балаларға Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірнеше аймаққа бөлінетіні түсіндірілді. Мысалы: қызмет көрсету, жылдам қызмет көрсету, құжаттау, жайлылық аймақтары. Бұл клиенттерге қызмет көрсету процесін сұраныс түріне, мәселенің күрделілігіне және басқа да параметрлерге қарай тиімді әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді. Балалар әсіресе өзіне-өзі қызмет көрсету аймағына ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар, оларға электрондық цифрлық қолтаңба деген не екені және кибергигиенаның негіздерін сақтау не үшін маңызды екені түсіндірілді.

– Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар әр адамның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Балалар тек оны қолдана біліп қана қоймай, сонымен қатар цифрлық кеңістікте қауіпсіздік пен жауапкершіліктің маңызын түсінулері өте маңызды. Мұндай іс-шаралар цифрлық сауаттылықтың берік негізін қалауға көмектеседі деп есептеймін, – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Азамат Есембулов.

Шара соңында балаларға Мемлекеттік корпорация қызметі мен интернеттегі қауіпсіздік негіздеріне арналған шолу курсын өткендігі туралы сертификаттар табысталды. 

Айта кетейік, шара Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтті.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button