Шығысқазақстандық студент Азия чемпионы атанды
Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында 14-19 мамыр аралығында гір спортынан Азия чемпионаты өтті. Аталған жарыста Шығысқазақстандық студент чемпионы атанды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бұл дүбірлі додада сегіз елдің ең үздік атлеттері бақ сынады. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің \»Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық\» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Әлішер Серікбек чемпионатта топ жарып, 1-орынды иеленді.
– Азия чемпионатындағы жеңісіме зор үлес қосқан жаттықтырушыма алғысым шексіз. Сондай-ақ, мені әрдайым қолдап, сенім артқан достарыма да алғыс білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыз маған үлкен күш берді, – деді чемпион.
Әлішер 63 келі салмақта 24 келілік гір тасын 187 рет көтеріп, қарсыластарын артта қалдырды. Бұл жеңісі – қажырлы еңбек пен жүйелі дайындықтың нәтижесі.



