Еліміздегі ең ұзын бойлы түлек ШҚО-дағы университетті тәмамдады

Бойы 2 метр 5 сантиметр болатын Аяжан Амангельдиева тек Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғап жүрген дарынды спортшы. Ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім бағдарламасын сәтті тәмамдады.
Аяжан 5 жасынан бастап волейболға қатысып, үлкен жетістіктерге жетті. Кәсібилігінің арқасында Қазақстанның 3 дүркін чемпионы және Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Кәсіби мансабында шығыстың «Алтай» волейбол командасында, батыстың «Ақтөбе» командасында сәтті ойын көрсетті. 2025 жылдан бастап Аяжан өз бағытын баскетбол спортына бұрып, қазіргі таңда Алматы қаласының «Томирис» баскетбол клубында өнер көрсетіп жүр.
– Аяжанның оқу мен спортты қатар алып жүруі – барша жастар үшін үлкен шабыт. Біздің университетіміз осындай талантты жастарға әрқашан қолдау көрсетіп, олардың армандарына жетуіне жағдай жасауды мақсат етеді. Аяжанды оқу ордамызды сәтті тәмамдауымен құттықтап, спорттық және кәсіби мансабында биік шыңдарды бағындыра беруін тілейміз!, – делінген хабарламада.



