Өскеменде 140-қа жуық отбасы баспаналы болды

Бүгін Өскеменде баспана кезегінде тұрған 136 отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішіндегі 30 жанұяға Есенберлин даңғылында орналасқан пәтер кілттерін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Салтанатты шараға қала әкімі Алмат Ақышов, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов, қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстап, жаңа қоныс иелерін құттықтады.
– Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын! Бүгін көпшіліктің арманына қол жеткізген, жаңа пәтерге ие болған күн. Шаңырақтарыңыздың іші әрдайым балалардың күлкісіне толсын, – деді облыс әкімі.
Жаңа баспаналар әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтарға берілді.
– Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында 119 көпқабатты үй салынып жатыр. Жыл сайын облыста 3 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде мемлекеттік қолдауды қажет ететін жанұяларға арнайы салынған үйлер бар. Биыл көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және өзге де әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 152 пәтер беру жоспарланған, – деді аймақ басшысы.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – қала тұрғыны Алмагүл Теміржанова өз әсерімен бөлісті.
– Қызым 2012 жылдан бері баспана кезегінде тұрды. Биыл 14 жыл болды. Бүгін біз үшін қуанышты күн. Баспаналы болып жатырмыз. Үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Осы игі шараға қолдау көрсеткен жандарға рақмет айтамын. Баспаналы болу барлығының арманы. Ал ерекше жандар үшін бұл баспана – тұрақтылық, болашаққа деген сенім, қауіпсіздік, – деді Алмагүл Теміржанова.



