Өскемендік тұрғын әлемдегі ең сұлу бес әйелдің қатарына енді
Өскемен қаласының тұрғыны, көпбалалы ана, кәсіпкер Жанна Бегалинова АҚШ-та өткен халықаралық Mrs. Global сұлулық байқауында People’s Choice номинациясы бойынша бірінші вице-мисс атағын иеленіп, әлемнің ең сұлу бес әйелінің қатарына енді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
– Бұл жоғары марапат – сіздің сұлулығыңыздың, ақыл-парасатыңыздың, қайсарлығыңыздың, мақсаткерлігіңіз бен қажырлы еңбегіңіздің лайықты бағасы. Әлемнің 80 елінен келген қатысушылар арасында Қазақстанды лайықты таныстырып, туған қаламыз Өскеменнің де мерейін үстем еттіңіз.
Сіздің жетістігіңіз көптеген жандарға шабыт сыйлап, еңбекқорлық, өз күшіне сенім және биік мақсаттарға ұмтылу кез келген асуды бағындыруға мүмкіндік беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деп жазды шаһар басшысы Алмат Ақышов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.



