Жаңалықтар

Өскеменде амфитеатрда мерекелік концерт өтті

Өскеменде ашық аспан астында Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне орай концерт өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Бүгін Өскемендегі амфитеатр алаңында Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің және облыстық филармония солистерінің қатысуымен Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір тұрғындарын Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

– Домбыра – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын, өмірлік философиясын, ерлік шежіресін және ұлт рухын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан теңдесіз рухани мұрамыз. Оның қоңыр үні туған жерге деген сүйіспеншілікті, елге деген адалдық, бірлік пен татулықты дәріптейді. Осы ұлы дала өнеркениетінің асыл қазынасы саналатын домбыра ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі, мәдениетіміздің мәңгі белгісі. Сондықтан да оны қастерлеу тек өткенге ғана тағзым жасау емес, келер ұрпақ алдындағы біздің қасиетті борышымыз. Шығыс Қазақстан дәстүр мен тағылымды, өнер мен өркениетті сабақтастырған қасиетті мекен. Осы өлкеде ұлттық мұраны дәріптеу, жас ұрпақтың бойына өнерге, туған жерге және ұлттық құндылықтарға деген құрметті сіңіру бағытында игі бастамалар жүзеге асырыла береді, – дейді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы өңірде жыр мектебін ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.

– Домбырамыздың қасиетті үні әр шаңырақта күмбірлеп, халқымыздың береке-бірлігін, ұлттық рухын асқақтата берсін. Ұлттық құндылықтарымыз мәңгі жасасын. Ұлттық домбыра күні барлығымызға құтты болсын!, – деді облыс әкімі.

Концерт шымылдығын Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Түркештің «Көңілашар» күйімен ашты. Іс-шара барысында күмбірлеген күй шертіліп, әуезді әндер шырқалды.

– Елімізде 2018 жылдан бері Ұлттық домбыра күні аталып келеді. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы негізінде аталып келе жатқан бұл мереке ұлттық кодымыз, бірегей өнер, мәдени мұрамыз домбыра аспабының ұлттық құндылығын дәріптеу, мәдениетімізді паш ету мақсатында жүзеге асырылып келеді. Осы күй күмбірі, әсем әуеніміз мәңгі жасай берсін. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын, – деді Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Шалқар Ырысханұлы.

Сондай-ақ мерекелік кеште көңіл тебірентер күйлер шертілді, өңірдің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін паш етті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button