ШҚО-да домбыраның құрметіне сәулет нысаны ашылды

Ұлттық домбыра күні аясында Ұлан ауданында төл өнерді ұлықтайтын жаңа сәулет нысаны ашылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген ерекше мерекелік шара өтті.
Қасым Қайсенов кентіндегі Балалар музыка мектебінің аумағында қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасына арналған шағын сәулет нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл бастама ұлттық мәдениетке деген құрметтің нақты көрінісі әрі жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне бағытталған маңызды жоба болды.
Жиында сөз сөйлеген аудан ақсақалдары домбыраның халқымыз үшін тек музыкалық аспап қана емес, ұлттық болмыстың, рухани сабақтастықтың және ата-баба аманатының айрықша символы екенін атап өтті. Олар ұлттық өнерді ұлықтау – елдің рухани тұтастығын нығайтудың маңызды жолы екенін жеткізді.
Іс-шара барысында жаңа нысанның ашылуын білдіретін дәстүрлі лента қию рәсімі өтті.
Мерекелік көңіл-күйді Балалар музыка мектебінің ұстаздары мен тәрбиеленушілерінің орындауындағы күйлер еселей түсті. Ұлы даланың тарихы мен рухын, халықтың өмірі мен болмысын бейнелейтін қазақтың әйгілі күйлері көрерменге ерекше әсер сыйлады. Домбыраның қоңыр үні көпшіліктің жүрегінен орын тауып, ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Ұлттық домбыра күніне орай бой көтерген бұл жаңа нысан ауданның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Мұндай игі бастамалар ұлттық мұраны сақтап, дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттауға, жастардың төл мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға және ғасырлардан жеткен рухани құндылықтарды келер ұрпаққа аманат етуге қызмет етеді.



