Катонқарағай ауданында республикалық ақындар айтысы өтеді

11 шілдеде Катонқарағай ауылында «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
11 шілде күні сағат 11:00–17:00 аралығында Катонқарағай ауылында орналасқан Үлкен сахна алаңында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына арналған «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтеді.
Ауқымды рухани шара Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасы ұйымдастыруымен өткізіледі.
Республикалық айтысқа еліміздің әр өңірінен танылған суырыпсалма ақындар қатысады. Олардың қатарында Мақсат Ақанов (Қарағанды облысы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Мейірбек Сұлтанхан (Астана қаласы), Абай Жолмағамбет (Маңғыстау облысы), Дәурен Ақсақалов (Түркістан облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Қуандық Кенжебекұлы (Абай облысы), Жанерке Қамбар (Жамбыл облысы), Нұрлан Есенқұл (Шымкент қаласы), Серік Қуанған (Шығыс Қазақстаноблысы) және Жұлдызай Маратбекқызы (Шығыс Қазақстан облысы) бар.
Айтысты ақын, профессор, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Аманжол Әлтай жүргізеді.
Айтыстың қазылар алқасына қазақ әдебиеті мен айтыс өнерінің көрнекті өкілдері енген. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, «Отан», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман. Қазылар құрамында Серік Құсанбаев, Құдайберлі Мырзабеков, Қойлыбай Асанов, Ұлықбек Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан және айтыс сарапшысы Өміржан Көпбосынов төрелік етеді.
Айтыс барысында Ақтан Нұрбаевтың әдеби мұрасы кеңінен насихатталып, оның қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттағы орны дәріптеледі. Ақындар туған жер, ұлттық құндылықтар, елдік, бірлік, тәуелсіздік және руханият тақырыптарын арқау етіп, көрерменге терең мазмұнды жыр сайысын ұсынады.
Шараның концерттік бағдарламасында Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздіктері Әсел Қыдырханова, Нұржан Шөкенов және «Дарабоз» тобы өнер көрсетеді.



