ШҚО-да «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?
Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-Министр Олжас Бектеновке «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының аралық қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері өңірде экологиялық акцияларға 330 мыңнан астам тұрғын, 19 мың ерікті, 300 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Осы кезеңде елдімекендерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды: саябақтар, гүлзарлар, аулалар, әлеуметтік нысандар, ескерткіштер мен су айдындарының аумақтары тазартылып, ондаған мың тонна қоқыс шығарылды.
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – көгалдандыру жұмыстары. Бүгінде облыста ондаған мың ағаш егіліп, мемлекеттік орман қоры аумағында миллиондаған көшет отырғызылды. Күзде бұл жұмыстар жалғасын табады.
Облыс орталығында «Таза Қазақстан» экопаркі құрылды. Онда 5 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар Өскемен қаласында, Ұлан және Глубокое аудандарында жаңа экологиялық саябақтар құру жобалары жүзеге асырылуда.
Қалалық ортаны абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Облыс орталығында аулаларды жаңарту, балалар мен спорт алаңдарын, футбол алаңдарын салу, саябақтар мен гүлзарларды, қалалық жағажай аумағын жөндеу жобалары қолға алынып жатыр.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып, Риддер және Серебрянск қалаларында қоғамдық кеңістіктер қайта жаңғыртылуда.
Экологиялық тәрбие білім беру саласының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Шығыс Қазақстанның білім беру ұйымдарында экологиялық сабақтар, форумдар, байқаулар және тақырыптық іс-шаралар өтеді. Жазда оқушылар үшін экскурсиялар, жорықтар, экспедициялар мен экологиялық квестер ұйымдастырылады. Сондай-ақ аймақта «Жасыл балабақша» жобасы аясында жұмыс істейтін 9 мектепке дейінгі ұйым бар.
Өңір тұрғындары абаттандыру мәселелерін шешу үшін @TazaQazBot цифрлық платформасын белсенді пайдалануда.
«Шығыс Қазақстан облысында “Таза Қазақстан” бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады және тұрақты бақылауда болады», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.



