Қорғаныс министрінің орынбасары елдің шығысындағы гарнизондарды тексерді
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Джумакеев Шығыс Қазақстан өңіріне жұмыс сапарымен барып, Аягөз және Өскемен гарнизондарындағы әскери бөлімдердің қызметін тексерді.
Шығыс Қазақстан облысындағы әскери лазаретте болған генерал-майор Алмаз Джумакеев емдеу процесінің ұйымдастырылуымен танысып, әскери қызметшілерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасына ерекше назар аударды.
– Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Қорғаныс министрінің орынбасары материалдық-техникалық базаның жай-күйін және жауынгерлік даярлық сабақтары өткізілетін оқу полигонындағы оқу-жаттығу нысандарын жан-жақты бағалады. Сонымен қатар әскери қызметшілердің тамақтануы, тұрмыстық жағдайы және қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілді. Аягөз гарнизонында ол 10810, 36376, 16443 әскери бөлімдері мен «Оңтүстік» әскери қалашығында болып, тұрғын үй қорының жай-күйімен танысты. Ал 97616 және 10181 әскери бөлімдерінде бөлімдерді қайта орналастыру мәселелері қолбасшылықпен талқыланды. «Майлино» полигонындағы казарма ғимаратын аралау барысында генерал-майор Алмаз Джумакеев оны күрделі жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма беріп, нақты нұсқаулар жүктеді, – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Инспекция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары гарнизон басшылығы мен әскери бөлім командирлеріне әскери инфрақұрылымды жетілдіру, тылдық қамтамасыз ету жүйесін нығайту және әскери қызмет өткеру жағдайларын жақсарту бағытында нақты міндеттер қойды.



