Риддер қаласында халықаралық экстремалды мотоспорт фестивалі өтеді
27–29 маусым аралығында Риддер қаласы экстремалды мотоспорт пен белсенді туризмнің орталығына айналады. Мұнда спортшыларды, эндуро әуесқойларын және Қазақстанның түрлі өңірлері мен шетелден келетін қонақтарды біріктіретін ауқымды RIDDER EXTREME ENDURO халықаралық фестивалі өтеді.
Іс-шараны Риддер қаласы әкімінің аппараты, SnegoDrive компаниясы, BearLog демалыс базасы және Altai Mountains Resort қонақ үйі ұйымдастырады.
Фестивальдің негізгі мақсаты – Риддер қаласының белсенді және экстремалды туризм орталығы ретіндегі туристік тартымдылығын арттыру, мотоспортты және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қаланың ірі outdoor-іс-шараларды өткізуге қолайлы алаң ретіндегі оң имиджін қалыптастыру.
Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, қонақтарды Hard Enduro бағыты бойынша үш күнге созылатын тартысты бағдарлама күтеді. Оның аясында Республика алаңында қалалық пролог, спортшылардың көрсетілімдері, Алтай тауларының күрделі бағыттары бойынша әсерлі жарыстар және ауқымды фестивальдік бағдарлама ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде бұл шара қазірдің өзінде еліміздегі ең ауқымды эндуро жобалардың бірі ретінде аталып жатыр.
Фестивальдің негізгі алаңдары Республика алаңында, «Эдельвейс» тау-шаңғы кешенінде, BearLog демалыс базасында және Altai Mountains Resort қонақ үйінде орналасады.
Қатысушылар «Әуесқойлар», «Кәсіби спортшылар» және «Ардагерлер» санаттары бойынша бақ сынайды. Бағдарламада іріктеу жарыстары, қатысушылар шеруі, көрсетілімдер және салтанатты марапаттау рәсімдері қарастырылған.
Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – Риддер өңірінің бірегей табиғи ландшафттары. Таулы бағыттар, тасты өткелдер, тік өрлер, орман соқпақтары мен табиғи кедергілер бұл аймақты экстремалды туризм мен эндуро спортын дамытуға арналған ең қызықты орындардың біріне айналдырады.
Жарысқа Қазақстаннан және шетелдерден келетін райдерлердің қатысуы, сондай-ақ көптеген көрермендер мен туристердің келуі күтілуде. Фестивальдің өткізілуі өңірдегі оқиғалық туризмді, спортты және кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді.



