Өскеменде журналистер бір күнін Ұлттық ұлан сапында өткізді

Өскеменде 3477 әскери бөлімінің оқу-жаттығу орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында «Бір күн Ұлттық ұлан сапында» әскери-патриоттық сайысы өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өңір журналистері әскери киім киіп, әскери қызметтің тыныс-тіршілігімен танысып, бір күнін Ұлттық ұлан сапында өткізді.
Жарысқа қатысушы журналистер үш командаға бөлініп мылтық ату, «жараланған» сарбазды қауіпсіз жерге жеткізу, нысанаға ату, мылтықты шашып-жинау сияқты түрлі сайыстар бойынша өзара бақ сынады.
– Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесі қарсаңында Ұлттық ұлан сапында әскери өмірдің бір күнін көріп жатырмыз. Мылтық атып көрдік, жүгіріп «жараланған» адамды қауіпсіз жерге жеткізіп түрлі-түрлі сайыстарға қатыстық. Журналистер өздерін әр қырынан көрсетті. Сайыс тартысты деңгейде өтті. Шығыс Қазақстанның журналистері бүгін қаламды қаруға айырбастап, қару ұстай алатындарын көрсетіп жатыр. Журналистеріміз қай жағынан алып қарасақта өнерлі, мықты, – деді Қазақстан Журналистер одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы.
Сайыс барысында қару ұстаған нәзік жандыларда осал еместіктерін дәлелдеп, жоғары нәтиже көрсетті.
Әскери-патриоттық сайыс Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастырумен өтті.
– Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай бүгін біз журналистердің басын қосып, «Бір күн Ұлттық ұлан сапында» әскери-патриоттық сайысын өткізіп жатырмыз. Журналистер әскери форма киіп, қару-жарақты шашып қайта жинап өздерінің мергендіктерін сынап көрді. Сонымен қатар әскери жаттығуларды орындады. Журналистер барынша тырысып, үздік көрсеткіштер көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта біз осындай іс-шараны дәстүрлі түрде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – деді Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі бастығы Бағдат Амангелді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен және арнайы жүлделермен марапатталды.



