Зайсан ауданында суармалы егіншілік дамып келеді
Аграрлық сектор Зайсан ауданы экономикасының маңызды драйверлерінің бірі болып қала береді. Себебі, бұл аудан Шығыс Қазақстан облысында суармалы егіншілікпен айналысатын жалғыз өңір болып отыр.
– Қазір ауданның 155 шаруашылығы Үйлен су қоймасының есебінен 8608 гектар жерді өңдеуде. Алда жалпы ұзындығы 113 шақырым болатын төрт негізгі су құбыры салынады. Сондай-ақ, 10151 гектар жерді суаруды қамтамасыз ететін 30 шаруашылықішілік канал іске қосылды. Үш шаруашылықта тамшылатып суару технологиясы енгізілген, – деп хабарлайды аудан әкімдігі.
Мұнда көктемгі егіс науқаны жоғары деңгейде өткен. 411 шаруашылық 16170 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен.
Мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жылдың төрт айында фермерлер үш мың тоннадан астам ет және төрт мың тоннадан астам сүт өндірген. Сондай-ақ, мал басы да артып келеді.
– Құрылыс саласында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл ауылдарда 48 үй және Зайсан қаласында екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Сонымен қатар, Зайсан қаласы мен Сартерек ауылында спорт кешендері салынады. Үлкен Қаратал және Сарыжыра ауылдарында жаңа мектептер бой көтеруде. Аудандық аурухананың жансақтау бөлімін күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленуде. «Зайсан – Жаңатұрмыс – Шүршітсу» және «Біржан – Ақарал» өңірлік жолдарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаратал және Шүршітсу ауылдарының көшелері жөнделеді, – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Халықты жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Жылдың төрт айында 70 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 231 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында, биыл төрт жас маманға ауылдық жерде баспана алуға көмек көрсетілді. Жыл соңына дейін мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
«Taza Kazakhstan» жобасы аясында аудан тұрғындары аумақтарды тазалау жұмыстарына белсене қатысуда. Биылғы сенбіліктер барысында 480 гектар аумақ тазартылып, 69 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Шамамен екі мың түп алма көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.



