Жаңалықтар

ШҚО-да мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Бүгін Мемлекеттік қызметші күніне орай Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

«Мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес. Бұл – халық сеніміне деген шексіз адалдыққа негізделген ерекше миссия. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік аппараттың ашық, кәсіби болып, тиімді жұмыс істеуі керектігін бірнеше рет атап өткен болатын. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Оның көріністері күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Демек, әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы шарт. Біздер, мемлекеттік қызметшілер осы қағидаттар мен құндылықтарды берік орнатуды өзімізден бастап, көпке үлгі болуымыз қажет. Өз істеріңізді жауапкершілікпен атқарып, халқымыздың алғысына бөлене беріңіздер! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда өңірдің мемлекеттік қызмет жүйесінде 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы аймақтың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға өз үлесін қосып келеді.

Шара барысында үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Атап айтқанда, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі ШҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Сейсенғазы Чукаевқа, ШҚО әкімі аппаратының бас инспекторы Ғафура Мағауяноваға, Риддер қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымын атқарған, қазіргі уақытта зейнеткер Айсұлу Рамазановаға, Алтай ауданы Никольск ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ольга Исабаеваға, ШҚО мәслихаты аппарат басшысының орынбасары Ләйлә Құсаиноваға, ШҚО тексеру комиссиясының бас инспекторы Кенже Мажироваға, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Раушан Аспенбетоваға берілді. Ал бірнеше мемлекеттік қызметшіге ШҚО әкімінің «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Облыстық басқармалар мен департаменттер арасында ШҚО бойынша қазынашылық департаменті, қала, аудандар бойынша Өскемен қаласы жеңімпаз атанды. Ары қарай шара мерекелік концертке ұласты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button