️ШҚО ормандарында алғаш рет өртті ерте анықтау жүйелері орнатылады
Шығыс Қазақстан облысында 90 антенналық-діңгекті құрылым орнатылады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
– Өртті ерте анықтау жүйелері Шығыс Қазақстан облысындағы тоғыз орман шаруашылығында орнатылады. Барлығы 90 антенналық-діңгекті құрылым қойылады. Олар түтін нүктесін анықтап, ақпаратты орталық диспетчерлік пунктке жіберу қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұндай діңгектер бізге қажет, себебі өңірдің жер бедері таулы болғандықтан өртті дер кезінде анықтау әрдайым мүмкін бола бермейді. Жабдықтар облыс әкімдігінің келісімімен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы сатып алынуда. ШҚО-да мұндай құрылымдар алғаш рет орнатылады. Бұған дейін осындай жүйелер Бурабайда, Абай облысында және Павлодар облысында іске қосылған болатын, – дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.
Оның айтуынша, маусым мен шілде айларында діңгектер Ұлан және Самар аудандарында орнатылады. Қалған құрылымдарды жылдың соңына дейін және келесі жылы кезең-кезеңімен орналастыру жоспарланған.



