ШҚО-да «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 280-нен астам құқық бұзушылық анықталды
Шығыс Қазақстан облысында 19-23 маусым аралығында өткізіліп жатқан «Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Іс-шараға 390-нан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Олар көліктік бақылау инспекциясының мамандарымен бірлесіп қоғамдық көліктерді тексеріп, автобустардың техникалық жай-күйіне, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және жолаушылар тасымалының заңдылығына ерекше назар аударды.
– Іс-шара барысында жолаушылар мен жүк тасымалдайтын 500-ден астам автобус пен басқа да көлік құралдары тексерілді. Сонымен қатар 16 автобус паркі мен есепте тұрған 400-ден астам жүргізуші тексеруден өтті. Нәтижесінде жол жүрісі қағидалары мен жолаушылар тасымалы саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 280-нен астам дерегі анықталды. Бұдан бөлек, 5 жүргізушіден көлік құралын басқаруға кедергі келтіретін медициналық қарсы көрсетілімдер анықталды. Жіберілген заң бұзушылықтар үшін 6 көлік құралы арнайы тұраққа қойылып, 16 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынды. Оның ішінде автобус жүргізушілерінен 4 нөмірлік белгі тәркіленді, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.



