Жаңалықтар

ШҚО-да заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша департаменті Марқакөл ауданында ауқымды арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, жедел іс-шаралар нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлерін заңсыз аулауды кәсіпке айналдырған, жасы 23 пен 50 аралығындағы алты адамнан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.

– Марқакөл және Ұрынқай ауылдарында жүргізілген тінту барысында бағалы балық түрлерінің 700 келіден астамы, оның ішінде ускуч пен хариус балығы, сондай-ақ 200 литрден астам ускуч уылдырығы тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктілерден пайдалануға тыйым салынған ау құралдары, балық аулау жабдықтары, қысқы балық аулауға арналған құрылғылар, радиостанциялар және оқ-дәрілер алынды, – делінген хабарламада.

Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Сот санкциясымен күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта құқыққа қарсы әрекеттің барлық мән-жайын анықтауға, ықтимал сыбайластарын және заңсыз жолмен алынған өнімді өткізу арналарының жолдарын белгілеуге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button