ШҚО-да «Еркін жол жүру» акциясы өтті
Арнайы техниканың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында өңірде «Еркін жол жүру» акциясы өтті.
Акция аясында ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрғын үйлердің аулаларына, әлеуметтік нысандарға, сондай-ақ өртке қарсы су көздеріне апаратын кіреберіс жолдарға тексеру жүргізді.
«Жолдардың бітелуі, автокөліктердің дұрыс қойылмауы және арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіретін бөгеттердің болуы ерекше бақылауда. Қазақстан Республикасының Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес ғимараттарға, құрылыстарға, өрт сатыларына және өртке қарсы сумен жабдықтау көздеріне апаратын жолдар мен кіреберістер жарамды күйде ұсталып, өрт сөндіру техникасының еркін өтуіне қолжетімді болуы тиіс. Ғимараттар мен құрылыстар аумағына кіреберістерде орнатылған шлагбаумдар, қақпалар мен қоршаулар өрт техникасының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы техникалық құралдарды қолданбай қолмен ашылатын, бұғаттан шығарылатын мүмкіндікпен немесе тәулік бойы кезекшілік атқаратын стационарлық бекетпен қамтамасыз етілуі қажет», – деп атап өтті ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.



