Өскеменде үйінде қарасора өсірген ер адам ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін анықтады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Санкцияланған тінту барысында жедел қызметкерлер пәтердегі жатын бөлмеде есірткі құрамды өсімдіктердің өсірілгенін анықтаған. Полицейлер қажетті микроклиматты қамтамасыз етуге арналған арнайы техникалық құрал-жабдықтарды, сондай-ақ арнайы ыдыстарға отырғызылған 12 түп қарасораны тәркіледі.
– Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген өсімдіктер есірткі құрамды болып саналады. Олардың тамыр жүйесін есептемегендегі жалпы салмағы 384 граммды құрады. Жауап алу барысында пәтер иесі тұқымдарды 2025 жылдың қараша айында жеке пайдалану мақсатында тапсырыс бергенін айтқан. Сонымен қатар медициналық куәландыру нәтижесі оның ұсталған сәтте каннабиноидтарды қолдану салдарынан есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.



