Жаңалықтар

ШҚО-да емдеу-сауықтыру кешені мен туристік нысандар салынады

Шығыс Қазақстан облысында бірқатар ірі туристік жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті отырысында Туризм және инвестициялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смит баяндады.

Ең маңызды жобалардың бірі – Катонқарағай ауданында Wellness Resort емдеу-сауықтыру кешені. TOR’RE ALTAY INVEST компаниясы жүзеге асыратын бұл жоба 218 орынға есептелген, ал инвестиция көлемі – 8 млрд теңгені құрайды.

Тағы бір ірі жобаны PANA ASIA компаниясы іске асырады. Инвестор Катонқарағай ауылының маңында құны 10 млрд теңге болатын туристік ауыл салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жоба Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен инвестициялық келісімшарт жасасу кезеңінде. Сонымен қатар компания Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы Сарыбел ауылында халықаралық деңгейдегі қонақүй салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Өскеменде халықаралық Hilton Garden Inn қонақүй желісінің қонақүйін салу жоспарланған.

Инвесторларды қолдаудың маңызды құралдарының бірі – Өңірлік үйлестіру кеңесі. Оның жаңартылған құрамы наурыз айында бекітілді. Осы уақыт ішінде кеңестің бір отырысы өткізіліп, жалпы құны 28,2 млрд теңгені құрайтын үш инвестициялық жоба қаралды. Оның екеуі бойынша әкімдік қаулылары қабылданды.

Атап айтқанда, бұл – Өскемен қаласының сол жағалау бөлігінде «Причал» компаниясының қонақүй үлгісіндегі коттедж қалашығын салу жобасы және Қаршығын кен орны базасында селективті экстракция және электролиз әдісімен катодты мыс өндіретін зауыт құрылысы. Ал қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытының жобасы әлі де пысықтау сатысында тұр.

Сонымен қатар үйлестіру кеңесінің қарауында жалпы құны 14,2 млрд теңгені құрайтын тағы үш жоба бар. Олардың қатарында Ұлан ауданында BIOCHAR технологиясы бойынша мал шаруашылығы қалдықтарын терең өңдейтін зауыт салу, Altay Qus компаниясының құс фабрикасын құру және Катонқарағай ауданында жаңа туристік демалыс базасын салу жобалары бар.

Ирина Смиттің айтуынша, туризм саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button