ШҚО-да «PRO Молоко’26» және «PRO Мясо’26» халықаралық аграрлық форумдары өтеді

18–19 маусым күндері Өскемендегі Үстел теннисі орталығының базасында V халықаралық «PRO Молоко’26» форумы мен «QazaqSut» көрмесі, сондай-ақ алғаш рет халықаралық ет бизнесі форумы «PRO Мясо’26» өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр және жыл сайын әлемнің 16-дан астам елінен 1500-ге дейін қатысушыны біріктіретін еліміздегі ең ірі аграрлық алаңдардың бірі болып табылады. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, ғалымдар, инвесторлар, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ салалық бірлестіктер қатысады.
Форум аясында Қазақстан Республикасының және Шығыс Қазақстан облысының жетекші фермерлері, сондай-ақ аграрлық сектордың танымал өкілдері, оның ішінде Еңбек Ерлері Иван Сауэр мен Геннадий Зенченко қатысады.
Іскерлік бағдарлама барысында сүт және ет мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ветеринариялық қауіпсіздік, селекция, жемшөп өндірісі, экспорт және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, агротуризмді дамыту және агроөнеркәсіптік кешендегі халықаралық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Бағдарламаға пленарлық және тақырыптық сессиялар, дөңгелек үстелдер, инвестициялық кездесулер, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі және B2B форматындағы келіссөздер кіреді. «PRO Мясо’26» форумы аясында қатысушылар ет мал шаруашылығын дамытудың заманауи тәсілдерін, кооперацияны және фермерлік шаруашылықтардың тиімділігін арттыру жолдарын талқылайды.
«PRO Молоко’26» және «PRO Мясо’26» форумдарының өткізілуі тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған шешімдер қабылдауға арналған маңызды алаң болмақ.



