Бұқтырма жағалауында Алакөлдегі Арбат үлгісіндегі серуендеу аймағы салынады
Бұл туралы бүгін ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменов мәлімдеді.
– Бұл ауқымды жоба. Қазір Алакөлдегі Арбатқа ұқсас серуендеу аймағының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ол Сарыбел ауылында орналасып, елді мекен мен жағажайдың арасын бөліп тұрады. Бұл жұмыс бизнес тарту және аумақтағы ретсіз құрылыстың алдын алу мақсатында қолға алынуда. Біз туристік аймаққа сай келетін біртұтас сәулеттік келбет қалыптастырғымыз келеді. Сондай-ақ, Сарыбелден Күршім көпіріне дейінгі бүкіл жағалауды абаттандыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Мұрат Байжүменов.
Оның айтуынша, бұл жоба өткен жылы әзірлене бастаған Сарыбел және Самар ауылдарының бас жоспарының бір бөлігі болады. Жоба аясында, коммерциялық нысандар салуға арналған 300 жер телімі қарастырылған.



