Қазақстанда үздік жас құтқарушылар анықталды
Еліміздің барлық өңірлерінде өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретуге бағытталған «Жас құтқарушы» жарыстары өткізілді.
Шығыс Қазақстан облысында ТЖД спорт манежінің базасында өткен жас құтқарушылар жарысына 100-ге жуық оқушы қатысты. Қатысушылар өрт эстафетасы, алғашқы көмек көрсету және шығармашылық байқауларды қамтыған, шынайы төтенше жағдайларды модельдейтін кезеңдерден өтті. Жарыс қорытындысы бойынша №29 мектептің командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды №36 мектеп, ал үшінші орынды №19 мектеп иеленді.
– Жас құтқарушылар жарыстары Төтенше жағдайлар министрлігінің профилактикалық жұмысының маңызды бөлігі. Олар мектеп оқушыларына қауіпсіз мінез-құлықтың практикалық дағдыларын меңгеруге, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйренуге және өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Көптеген қатысушылар болашақта өз өмірін құтқарушы мамандығымен байланыстыру мүмкіндігін қарастыруда, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.
Айта кетейік, өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары шілде айында өтетін республикалық жас құтқарушылар слетінде өз облыстары мен қалаларының намысын қорғайды.



