Өскемендегі Буров көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Буров көшесіндегі №27/1 және №27/2 тұрғын үйлерінің ауласында болып, кеңейтілген автотұрақ жұмыстарының нәтижесімен танысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
– Кейбір тұрғындардың ауладағы ортақ пайдаланылатын жерлерді жеке автотұрақ ретінде қоршап алғаны анықталды. Мұндай әрекеттер заңсыз. Жауапты қызметтерге заңсыз қоршауларды алып тастау бойынша тапсырма берілді. Сондай-ақ Буров көшесі мен жақын маңдағы бірқатар көшелерде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деп жазды қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар шаһар басшысы Буров көшесіндегі №37 және №39 тұрғын үйлердің аумағында қосымша автотұрақ орындарын ұйымдастыру жұмыстарымен танысты.
– Биыл қалада алғаш рет аулалық автотұрақтарды кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстардың тиімділігіне талдау жүргізіліп, тұрғындардың пікірлері ескерілуде. Тұрғындармен кездесіп, аумақтағы өзекті мәселелерді талқыладым. Көтерілген мәселелердің бірқатары келесі жылы кезең-кезеңімен шешімін табады. Сонымен қатар мердігер ұйымға аулаішілік жолдардағы шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырдым. Қала тұрғындары үшін жайлы және қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді қала әкімі.



