«11-12 жасымызда жұмысқа шықтық». Масара апаның ерен еңбек жолы

Қиын-қыстау кезеңде сұм соғыстың тауқыметін тартып, жастайынан еңбекке араласқан тыл ардагерінің бірі – Масара Нұрғазина. Масара апа саналы ғұмырының 40 жылын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұстаз, импровизатор ақын. 

Масара Нұрғазина – облыс орталығының тұрғыны, 97 жаста. Ұлан ауданы Манат ауылының тумасы. Сұрапыл соғыс жылдары тылда тынбай еңбек еткен. Өскемен қаласындағы педагогикалық училищені, артынан Семейдегі институтты тәмамдаған. Жеңіс күні қарсаңында ғасыр куәсі болған тыл ардагерінің отбасына барып, аз-кем әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. 

– 1941 жылы 5 сыныпты аяқтап, жаз айында жұмысқа шықтым. 6 соқанының екі жұбын айдадым. Орыс тілін біледі деп прицепке жіберді, содан көтеріліп трактор бригадасының заправщик-учочигі болдым, оқу еңбегінің меңгерушісі болып Сельсоветте хатшы болып істеп, содан кейін мұғалімдікке ауыстым. Манат мектебінде қазақ сыныбына орыс тілінен сабақ бердім. 40 жыл мұғалім болып жұмыс істедім, – дейді Масара апа. 

Гүлзипа есімді қызы Масара апаның бір жылдары ГЭС қызметкерлерінің балаларын 4 сыныпқа дейін оқытқанын айтады.

– Азаматтардың барлығын соғысқа алып кеткеннен кейін, біз 11-12 жасымыздан жұмысқа шығып кеттік. Қара қағаз келе бастады. Жұмыстан қайтқанда бір өгізге бір-екеуден, екеу-үшеуден мінгесіп келе жатамыз сонда әйелдер күйеулерін жоқтап, балалар әке-шешелерін жоқтап ылғи қайғылы өлеңдер айтатынбыз. Балалар ұйымшыл болдық. Өзіміз өзімізді жетектеп, білген әнімізді айтып, білген биімізді билеп отыра қалғанда үлкен кісілерге концерт қоятынбыз, – деді Масара Нұрғазина.

Әжеміз сол бір жылдары ауыл маңына келген параходты көрген балалардың мәз болып үйге қайтатынын айтып, өз естелігімен бөлісті. 

– Бір жылы Ертістің суы азайып параход сирек келе бастады. Сосын сол параход келет деген күні Жамбыл мектебінен жүгіріп ауылдан біреу келді ма деп анау Пристаньге барамыз. Ауылдың кісілерінен көрсек мәз болып қаламыз. Сосын олар 3 теңге, ұсақ күміс теңге, кейде әкеле жатқан азықтарынан береді, оны алған біз қуанып үйге қайтамыз, – деді  Масара апа. 

Ізғұтты Айттықовқа жазған өлеңі, Аюды туралы жазғаны Масара апаның әлі есінде. 

Масара Нұрғазина – Зуфра Шәрап, Ізғұтты туралы поэмалар жазған, орыстың пьесасын орысшадан қазақшаға аударған. Сонымен қатар, Масара апа алғаш Абайдың 100 жылдығына арналған айтысқа, кейін Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысына қатысқан. Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған Қазақ ССР Ғылым академиясы Жалпы жиналысының сессиясына қатысуға арнайы шақырту алған. 

Соғыс кезіндегі еңбегі үшін Масара Нұрғазина «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанған. Сонымен қатар білім саласындағы ағартушылық қызметі үшін бірнеше рет республикалық, облыстық грамоталармен, алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен марапатталған. Өлең жазумен айналысып, импровизатор ақын және халық шебері атанған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button