Өскеменге үш жаңа трамвай әкелінді

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Өскеменге әкелінген жаңа трамвайларды көрді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Аймақ басшысы және қала әкімі жаңа трамвайлардың біріне отырып Мыза және Қазақстан көшелерінің бойымен жүріп өтті.
Жаңа трамвайлар сары, күлгін, ашық көк түсті. Олар заманауи жабықтармен жабдықталған. Трамвайлар кондиционерлер және валидаторлар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен қамтамасыз етілген.
– Барлық трамвайларды жаңа трамваймен ауыстыратын боламыз. Жаңа трамвайлар заманауи үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Трамвай паркін әрқарай жетілдіре береміз. Сонымен қатар биыл біз 12 электроавтобус сатып алдық, жылдың аяғына дейін тағы да 15 электроавтобус сатып аламыз. Келесі жылы бұл жұмыстарды ары қарай жалғастыра береміз, – деді облыс әкімі.
«Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС басшысы Денис Федченконың айтуынша, ертеңнен бастап жаңа трамвайлар желіге шығуы мүмкін.
– Бүгін трамвай сынақ режимінде іске қосылды. Бұған дейін де біздің қалаға осындай трамвайлар жеткізілген болатын, сондықтан вагон жүргізушілері келген жаңа трамвайларды еш қиындықсыз басқара алады, – деді Денис Федченко.



