Катонқарағай ауылында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды
Катонқарағай ауылында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының филиалы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа орталықтың ашылу рәсімінде Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсенбаев осындай орталықтардың егде жастағы тұрғындар үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы және облыс басшылығының қолдауы аясында Шығыс Қазақстанда аға буын өкілдеріне арналған заманауи кеңістіктер құрылып жатыр. Біздің міндетіміз – «күміс жас» өкілдерінің қоғамда өз орнын сезініп, еркін араласып, сүйікті ісімен айналысып, белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау, – деді аудан әкімі.
Шараның сәнін Белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламаларына қатысушылардың өздері дайындаған концерттік бағдарлама келтірді.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, өңірде белсенді ұзақ өмір сүру жүйесі кезең-кезеңімен дамып келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 175 нысан жұмыс істейді. Онда зейнеткерлер спорттық, зияткерлік және шығармашылық бағыттағы үйірмелерге қатысады.
Бүгінде 4 мыңға жуық аға буын өкілі 295 үйірме мен клубтың жұмысына тартылған. Олардың қатарында шахмат, тоғызқұмалақ, скандинавиялық жүріс және хор өнері секілді бағыттар бар.
Ал Катонқарағайдағы жаңа филиал аға буын өкілдеріне қолайлы орта қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.



