Жаңалықтар

ШҚО-да Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті

Бүгін облыс орталығындағы Амфитеатрда 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Іс-шара барысында Мемлекеттік Әнұран шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

Мерекелік іс-шара аясында мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Сонымен қатар өңір өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

– Бүгін біздің елдігімізді, мемлекеттігімізді айқындайтын Мемлекеттік рәміздер күні. Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың сан ғасырлық тарихын, асқақ рухы мен жарқын болашаққа деген сенімін білдіретін қасиетті құндылықтарымыз. Олар әрбір қазақстандық жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін оятып, ел игілігі жолында адал қызмет етуге үндейді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің, тәуелсіздік пен еркіндіктің белгісі. Елтаңбамыз – халқымыздың бай тарихы мен жарқын болашағын тоғыстырған азаттықтың айшық  көрінісі. Ал Әнұранымыз – елдік пен еркіндіктің, ұлттық рух пен патриотизмнің асқақ үні. Тәуелсіздігіміздің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатып, елге деген сүйіспеншілігімізді нығайтады. Мемлекеттік рәміздер –  бұл ұлттық рухани тұғыры елдіктің еңсесін көтеретін біздің нағыз асыл мұраларымыз,  – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өңір тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

– Біз Мемлекеттік рәміздерімізді қадірлей отырып, егемен еліміздің гүлденуі мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, молшылық пен толайым табыс тілейміз. Еліміздің бірлігі нығайып, ынтымағы арта берсін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік болғай. Көк туымыз әрдайым асқақтап, елтаңбамыздың айбыны артып, әнұранымыздың әуезді әні әлем төрінде шырқала берсін. Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» ордені Катонқарағай ауданындағы Сейітқамза Ластаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Назигүл Жылмасбаеваға және Ұлан ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Майнұр Ескендіроваға табысталды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі Марқакөл ауданындағы Қалжыр орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жанат Жікбаеваға, Өскемен қаласындағы Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлбаран Ибраеваға және Глубокое ауданындағы Белоусовка орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Елена Саблеваға берілді.

Сондай-ақ аймақ басшысы жаңадан қабылданған жас мамандарға мемлекеттік қызметшінің куәлігін салтанатты түрде табыстады.

– Бүгін өте қуаныштымын. Ерен еңбегім бағаланып «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып жатырмын. Осы марапатқа мені ұсынған мектебіміздің директорына алғысым шексіз. Білім саласында еңбек етіп жүрген әріптестеріме сәттілік тілеймін. Қала тұрғындарын бүгінгі рәміздер күнімен құттықтаймын, – деді Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлбаран Ибраева.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button