Пойыз қозғалысын онлайн бақылауға болады
Вокзалға барар алдында жолаушылар пойыздың қай жерде екенін алдын ала тексере алады. Ол үшін tablo-railways.kz сайтында «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі қолжетімді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ хабарлады.
Онлайн-табло жолаушылар пойыздарының қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Картада құрамның қазіргі орнын көруге, келу және кету уақытын тексеруге, маршрут бойынша станциялардың тізімін, тұрақтардың ұзақтығын және соңғы станцияға келудің болжамды уақытын көруге болады.
– Мұндай қызмет әсіресе жоғары жолаушылар ағыны кезінде пайдалы. Жолаушылар жағдайды алдын-ала бағалай және вокзалға шығу уақытын дәлірек жоспарлай алады. Бұл артық күтуді болдырмауға және сапарды ыңғайлы ұйымдастыруға көмектеседі, – делінген хабарламада.
Қызметті пайдалану үшін tablo-railways.kz сайтына кіру және картадан қажетті пойызды таңдау керек. Сондай-ақ, онлайн-таблоға bilet.railways.kz ресми сайт арқылы кіруге болады – «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» баннерін басу жеткілікті.
Қызмет жолаушылар пойыздарында орнатылған GPS трекерлер деректері негізінде жұмыс істейді. Ақпарат автоматты түрде «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ахуалдық орталығына беріледі, онда құрамдардың қозғалысы тәулік бойы бақыланады.



