Шемонаиха ауданында этноауыл ашылды
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Шемонаиха ауданындағы «Марьин утес» ескерткіші маңында ұлттық ат туризмін дамытуға бағытталған кәсіпкер Назым Қыстаубаеваның этноауыл жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
– Бүгінде бұл жоба аудан тұрғындары мен өңір қонақтарына сапалы туристік қызмет ұсынып, ауыл экономикасына жаңа серпін беріп отыр. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тауып, кәсіпкер 8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыға қол жеткізген. Бөлінген қаражат есебінен пони мен жылқылар сатып алынып, этностильде безендірілген екі киіз үй жабдықталды. Сонымен қатар келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен және мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік жасалған. Бұл бастама ауыл туризмін дамытумен қатар, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға жол ашып отыр, – делінген «Amanat» партиясының ШҚОФ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бүгінде этноауыл өңір тұрғындары мен туристер үшін тартымды демалыс орнына айналды. Келушілер табиғат аясында тынығып қана қоймай, атпен серуендеу, ұлттық дәстүрлермен танысу және қазақы болмысты сезіну мүмкіндігіне ие.
Кәсіпкер Назым Қыстаубаеваның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы жеке кәсіпті кеңейтуге ғана емес, ұлттық мәдениетті дәріптеуге де зор мүмкіндік беріп отыр.
«AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған «Ауыл аманаты» жобасының арқасында кәсібімізді кеңейтіп, ұлттық мәдениетімізді туристерге кеңінен таныстыруға жол ашылды. Этноауыл ашу – көптен бергі арманымыз болатын. Бүгінде келушілер саны артып келеді. Алдағы уақытта қызмет түрлерін кеңейтіп, жаңа туристік бағыттарды іске қосуды жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.



