Жаңалықтар

Өскемендіктер Құрбан айт мерекесін тойлап жатыр

Облыс орталығындағы «Халифа Алтай» мешітінің аумағында Құрбан айт мерекесіне орай мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Бүгін қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай еліміздің барлық мешіттерінде айт намазы оқылып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітіне таң сәріден жиналған жамағат сағат 06:00-де айт намазын оқыды.

Мереке аясында «Халифа Алтай» мешітінің аумағына киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Сонымен қатар қазақ күресінен жарыстар өткізіліп, ән шырқалды.

Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Думан Нәдірұлы өңір тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

– Бүгін қасиетті Құрбан айтта айт намазы оқылып, «Халифа Алтай» мешітінің алдында ұлттық нақышта Құрбан айт мерекесін тойлап жатырмыз. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Қазақ күресінен жарыс болып жатыр. Шығыс Қазақстан бойынша әр өңірде осындай үлгіде Құрбан айт мерекесі тойланып жатыр, – деді Думан Нәдірұлы.

Оның айтуынша, Өскемен қаласы бойынша Атығай асуында құрбандықтар шалынып жатыр. Дін қызметкерлерінің батасын алып, халықтың құрбандық шалуына барынша жағдай жасалып жатыр.

– Айттан айтқа халқымызбен амандықта жете берейік, – деді Думан Нәдірұлы.

Ұлттық спортты насихаттауға арналған қазақ күресінен сайыс өтіп, жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды.

Жарыс қорытындысы бойынша I орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Бейбітхан Ахметәлім иеленді.

– Бүгінгі Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған жарыста жеңімпаз атандым. Бөлім командиріміз полковник Рақымжан Елтайға өз алғысымды айтамын, – дейді Бейбітхан Ахметәлім.

Басқа жаңалықтар

Back to top button