Жаңалықтар

Жазда пойыздар мен әуе рейстерінің саны артады

Қазақстанда жазғы демалыс және каникул кезеңінде көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр. Жолаушылар сұранысының артуына байланысты Көлік министрлігі көлік компанияларымен бірлесіп сұранысқа ие туристік бағыттар бойынша теміржол маршруттары мен әуе рейстерінің санын көбейтуде.

2026 жылдың жазғы маусымында 15 қосымша теміржол маршруты ұйымдастырылады. Қосымша пойыздар 16 маусымнан бастап қатынай бастайды.

Бағыттар қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан Достық пен Балқаш секілді туристік және курорттық аймақтарға қатынайтын пойыздар бар.

– Аталған шаралар жазғы кезеңде пойыздарда шамамен 550 мың қосымша орын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жолаушылар ағынының артуына қарай қолданыстағы пойыз құрамдары кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Жазғы маусымда пойыз құрамдары орта есеппен 19–21 вагонға дейін көбейеді. Ал маусымаралық кезеңде бұл көрсеткіш 13–15 вагонды құрайды. Сондай-ақ 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша №219/220 жолаушылар пойызы іске қосылады, – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

2026 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында Астана – Балқаш, Үржар, Үшарал және Алматы – Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттары бойынша аптасына 7 рейске дейін қосымша әуе рейстері ашылады.

Аталған бағыттар бойынша әуе билеттерінің құны әлеуметтік қолжетімді деңгейде сақталады – 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Бұл көптеген отбасыларға еліміздің туристік аймақтарында жазғы демалысты қолжетімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

– 2026 жылы Қазақстанда аптасына 813 рейс жиілігімен 60 ішкі әуе бағыты бойынша тұрақты рейстер орындалады. Тұрақты әуе маршруттарын субсидиялау бағдарламасы аясында 24 бағытты, оның ішінде 16 туристік бағытты қолдауға 6,4 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Қабылданып жатқан шаралар ішкі туризмді дамытуға, өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыруға және жазғы демалыс кезеңінде азаматтардың жайлы әрі қауіпсіз сапар жасауына қосымша мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button