БастыЖаңалықтар

ШҚО-да ерлі-зайыптылар жүктілікке дейін тегін тексеруден өте алады

Шығыс Қазақстан облысында ерлі-зайыптылар жүктілікті жоспарлау кезеңінде тегін медициналық тексеруден өтіп, қажетті ем қабылдай алады.

25–29 мамыр аралығында елімізде Репродуктивтік денсаулық апталығы өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде өңір тұрғындары тұрғылықты жері бойынша емханаларда мамандардың кеңесін ала алады.

Дәрігерлердің айтуынша, 2025 жылдан бері облыста отбасылық жұптарға арналған прегравидарлық дайындық бағдарламасы іске асырылып келеді.

– Ерлі-зайыптылар жүктілікке алдын ала дайындалуы керек. Бұл бағдарламаға қомақты қаржы бөлінген. Әйелдер 12 негізгі көрсеткіш бойынша тегін тексеруден өте алады. Осындай зерттеулер ер азаматтарға да қолжетімді, – деді ШҚО-ның бас репродуктологы Надира Слямханова.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде өңірде шамамен 9 мың әйел прегравидарлық дайындықтан өтуде. Бұл барлық ерлі-зайыптылардың 46 пайызын құрайды. Алдағы уақытта дәрігерлер қамту деңгейін 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Себебі мұндай тексерулер денсаулыққа қатысты қауіптер мен мәселелерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мамандар ер азаматтардың репродуктивтік денсаулыққа қатысты белсенділігі төмен екенін атап өтті.

– Ерлердің тексеруден өту көрсеткіші әлі де төмен. Көпшілігі дәрігерге мәселе асқынған кезде ғана жүгінеді. Соның салдарынан ерлер бедеулігі жиі анықталады. Бұрын бедеуліктің ер адамға қатысты факторы 10–12 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш әйелдер факторымен теңесіп, 45 пайыздан асып отыр, – деді Надира Слямханова.

Дәрігерлер жүктілікті жоспарлаған жұптарды алдын ала тексеруден өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button