Жаңалықтар
ШҚО-да мал ұрлаған ер адам ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында «Бекет» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мал ұрлығы фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Майқапшағай – Зайсан тасжолын патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары 43 жастағы ер адам тізгіндеген Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті тоқтатқан.
– Көлікті тексеру барысында салоннан ілеспе құжаттары жоқ төрт бас ұсақ мал табылды. Тексеру нәтижесінде аталған малдың жергілікті тұрғыннан ұрланғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша күдікті малды кейін сату мақсатында алып кетпек болған, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ұрланған мал тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.



