ШҚО-да 75 сейсмикалық қауіпті елді мекен бар
Облыс аумағында 75 сейсмикалық қауіпті елді мекен орналасқан. Олар 2 қала мен 11 ауданды қамтиды. Аталған аумақта 560 мың адам және 150 мың тұрғын үй бар. Бұл туралы ШҚО ТЖД өкілдері ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте хабарлады.
ШҚО ТЖД мәліметінше, облыс аумағында 2 сейсмологиялық станция (Зайсан қаласы және Глубокое ауданының Ушаново кенті) және 12 сейсмодатчик жұмыс істейді (Өскемен қаласы – 9, Алтай ауданы – 1, Самар ауданы – 1, Катонқарағай ауданы – 1). Барлығы онлайн режимде жұмыс істеп, мәліметтерді Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының Орталық сейсмологиялық обсерваториясына жібереді.
Азаматтардың төтенше жағдайлар кезіндегі хабардарлығын арттыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті Өскемен қаласында тұрғын үйлерге жақын орналасқан халықты қабылдау пункттері көрсетілген арнайы ақпараттық тақтайшаларды орнату жұмыстарын жүргізді.
Сейсмикалық қауіпсіздік айлығы аясында облыс бойынша 849 сейсможаттығу өткізіліп, оған 43 мыңнан астам адам қатысты. Департаментте 300-ден астам адам оқытудан өтті.
– Халықты құлақтандыру үшін 48 сиреналық-сөйлеу құрылғысы бар, сондай-ақ цифрлық эфирлік телехабар таратудың 19 арнасы мен радиохабар таратудың 13 арнасын ұстап қалу жүйесі іске қосылған. Бұдан бөлек, жер сілкінісі кезінде облыс тұрғындарын жедел хабардар ету мақсатында азаматтардың мобильді құрылғыларына арналған «Mass Alert» жүйесі енгізіліп, іске қосылды. ШҚО ТЖД тарапынан жер сілкінісі салдарын жою үшін 201 адамнан және 50 техника бірлігінен тұратын күштер мен құралдар тобы құрылған, – деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті.
Жаһандық ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, облыс аумағында жойқын жер сілкінісі болған жағдайда Абай, Қарағанды және Жетісу облыстарының азаматтық қорғау қызметтерінен 3 555 адам және 882 техника бірлігі тарту көзделген.
Облыс аумағында зардап шеккен халықты қабылдауға арналған 182 пункт қарастырылған. Зардап шеккен халықты жинау пункттерін орналастыру үшін ашық алаңдарда, саябақтарда, скверлерде, стадиондарда және басқа да орындарда 41 учаске дайындалған.
Қазақстан Республикасының сейсмология саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 2025–2026 жылдары Өскемен қаласының ғимараттары мен құрылыстарының сейсмотұрақтылығына паспортизация жүргізу, сондай-ақ өңір аумағын егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру карталарын ескере отырып, жаңа құрылыс ережелерінің жинағын әзірлеу жоспарланған.
ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, Өскемен қаласында 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй және 155 әлеуметтік маңызы бар нысан орналасқан.
– Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласының егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру карталары әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ сейсмотұрақтылыққа паспортизациялауға жататын әлеуметтік маңызы бар нысандардың тізімі өзектендіріліп, бекітілді. Тізімге 42 мектеп ғимараты, 25 балабақша ғимараты, 43 денсаулық сақтау нысаны, 24 спорт нысаны, 19 мәдениет нысаны және 2 әлеуметтік қорғау нысаны енгізілген, – делінген хабарламада.
Өскемен қаласының ғимараттары мен құрылыстарын паспортизациялау, сондай-ақ жаңа құрылыс ережелерінің жинағын әзірлеу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.



