Жеңіс-80: Жауынгерлер оқушыларға шеберлік көрсетті

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы «Таврия орта мектебі» КММ-де Жеңістің 80 жылдығына арналған «Алау» атты әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша мектепішілік ойындар өтті. Оған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ШҚО бойынша департаментінің әскери қызметшілері қатысып, оқушыларға шеберлік көрсетті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында сарбаздар автоматты бөлшектеу, алғашқы медициналық көмек көрсету және жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетті. Оқушыларға жігер сыйлаған шараға Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, подполковник Бақытжан Сағындықов өз қатарындағы жауынгерлерімен бірге қонақ ретінде қатысып, оқушыларға өздерінің кәсіби шеберліктерін паш көрсетті.

А– 7–11 сынып оқушылары барлық сайыс кезеңдерінен сәтті өнер көрсетті. Саптық дайындық пен әскери ән байқауы, алғашқы медициналық көмек көрсету және жауынгерлік парақты қорғау, туған өлке тарихы бойынша білім, граната лақтыру мен арқан тарту, пневматикалық мылтықпен ату. Әр кезеңде командалар ұпай жинады, сол себепті әр оқушы «біріміз– бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген ұранның маңызын терең ұғынды, – дейді Таврия орта мектебінің әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Дүрия Болатбайқызы.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ мен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ әскери кафедрасының оқытушылары мен студенттері де оқушыларға шеберлік көрсетіп, жігер сыйлады. Мұндай шаралар барысында оқушылар бастапқы әскери дайындық пен медициналық көмек көрсетудің дағдыларын, сондай-ақ спорттық шеберліктерін меңгереді. Шара барысында оқушылар патриоттық әндер шырқап, саптық шеру жасап, өздерінің Отанға деген сүйіспеншіліктерін білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button