Екі мыңнан астам салық төлеуші «Халық бухгалтері» қызметін пайдаланды – ШҚО
Өскеменде 5 қаңтардан бастап «Халық бухгалтері» акциясы бастау алды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті акция аясында мамандар қызметіне екі мыңнан астам адам жүгінгенін хабарлады.
ШҚО бойынша МКД басшысының орынбасары Қазыбек Қойшинов аталған акция кәсіпкерлік субъектілеріне Салық кодексінің нормаларын, арнайы салық режимдеріне көшуге қатысты өтпелі ережелерді, салық және бухгалтерлік есептілікті тапсыру тәртібін, ақпараттық жүйелерді түсіндіру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
– 5 қаңтардан бері акция аясында екі мыңнан астам салық төлеушіге қызмет көрсетіліп, оларға арнайы салық режимдері, өтпелі ережелер, ҚҚС бойынша есепке қою және есептен шығару, мобильді аударымдар, мобильді қосымшалар мен ақпараттық жүйелердің жұмысы, салықтық және бухгалтерлік есептілік, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша кеңес берілді, – деді Қазыбек Қойшинов.
Оның айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі «Халық бухгалтері» мамандарының жұмысына оң бағасын берген.
«Халық бухгалтері» акциясы 30 маусымға дейін жалғасады. Акция аясында кеңес алу үшін Өскемен қаласы, Назарбаев даңғылы 86 мекенжайындағы Қызмет көрсету орталығының 3-қабатында орналасқан Өскемен қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуге болады. Кеңестер аптасына екі рет – сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі. Қабылдауды мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі мамандары, сондай-ақ Учет.kz, Бухгалтерлер мен аудиторлар альянсы өкілдері жүргізеді.



