Биыл елімізде 150 білім беру нысаны ашылды
Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Ірі жобалар қатарында – Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ашылған алты қосымша білім беру нысаны бар. Жалпы 2025 жылдың басынан бері елімізде мектепке дейінгі, орта, арнайы, инклюзивті және қосымша білім беру салаларында 150-ге жуық жаңа нысан пайдалануға берілген.
Бүгінде өңірлерде 267 мың оқушы орнына арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жаңа форматтағы үш мектеп ашылды.
– Тек мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде соңғы төрт айда 126 ұйым пайдалануға беріліп, шамамен 8,5 мың жаңа орын ашылған. Ал балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған кеңес беру пункттерінің саны 4 100-ге жетті. Мұнда ата-аналарға баланы үй жағдайында тәрбиелеу және дамыту бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі, – деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
23 мектепте реновация жұмыстары басталған. Бұл жұмыстарға ғимарат қасбеттерін жаңарту, шатырлар мен терезелерді ауыстыру, су және электр жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру кіреді. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін ұлттық реновация бағдарламасы аясында 1 231 мектеп жаңартылады деп жоспарланған.
Инклюзивті және арнайы білім беру саласында үш жаңа мекеме ашылған. Соның ішінде Ұлытау облысындағы аутизм орталығының іске қосылуына байланысты арнайы мекемелер саны 496-дан 504-ке жеткен. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептер жанынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 121 қолдау кабинеті ашылған. Қазіргі таңда еліміздегі мектептердің 90 пайызы инклюзивті білім беруге қажетті жағдайлармен жабдықталған.
Ірі жобалар қатарында – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ашылған алты қосымша білім беру нысаны бар. Ал маусым айында Ақтөбе және Жетісу облыстарында екі заманауи балаларды сауықтыру орталығы іске қосылған.



