«Яндекс таксиді» тексерді. Баға өзгере ме?

ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 29-04-2025, 10:44 0

Кептеліс уақыты мен ауарайының қолайсыз сәттерінде такси бағасының шарықтап кететіні бар. Бұл жағдайды реттеу мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі яндекс таксидің алгоритмдік баға белгілеу тиімділігіне аудит жүргізді. Нәтижесінде халықтың қалтасы мен такси жүргізушісінің табысына тиімді талаптарға сай өзгерістер енгізілді.

Такси бағасын тұрақтандыру мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және құзыретті мамандарды тарта отырып тексеріс жүргізген.

Аудит жүргізу барысында жүйе архитектурасы, бағаның негізгі және динамикалық құрамдас бөліктері, әуежай аймағында және қала орталығынан шалғай аудандардағы баға бөлек-бөлек зерттелген. 

Енді мынандай өзгерістер болады:

 – такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы Агенттікке 3 күн бұрын хабарлау;

– әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды әуежай тарифтік аймағынан алып тастау (1 апта ішінде);

– жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамау (бұл жүргізушілердің табысын арттыруға ықпал етеді);

– "Эконом" тарифіндегі комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі көтермеу (аталған тариф ең сұранысқа ие тариф болып табылады);

– максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық көтеруді шектеу (мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген);

– сұранысы төмен аймақтар үшін тариф құрамындағы қосымша төлем компонентін пайдаланушы қосымшасында түсінікті көрсету;

– 2025 жылдың 30 маусымынан кешіктірмей пайдаланушыларға сапар бағасының толық құрылымын қосымшада көрсету;

– техникалық қолдау сапасын арттыру, атап айтқанда, пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу алгоритмін оңтайландыру.

Сондай-ақ, Яндекс Такси пайдаланушыларды такси қызметтеріне сұраныс деңгейі туралы хабардар ету шараларын жақсартпақ. Алдағы уақытта "Эконом" тарифінде сұраныс өте жоғары болған кезде (мысалы, ауа райының қолайсыздығы кезінде) сынақ режимінде виртуалды кезек жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе арқылы такси шақырушы қанша адамның такси күтіп тұрғанын біле алады.

Жоғарыда қойылған талаптар мен өзгерістерді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топтың бақылап отырмақ.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив