Зайсан ауданында жас сарбаздар әскери ант қабылдады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне қарасты Зайсан ауданы бойынша Шекара басқармасында жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. 

200-ден астам жас сарбаз ел шекарасын күзетуге, мемлекеттің тұтастығын сақтауға салтанатты түрде ант беріп, азаматтық өмірдің жаңа белесіне қадам басты. 

Салтанатты іс-шараға Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов, Шекара басқармасының командирі, полковник Есім Ибраев, Ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева, Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бауыржан Оразғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, сарбаздардың ата-аналары мен әскери қызметкерлер қатысты. 

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ришат Сағибекұлы жас сарбаздарды әскери сапқа қосылғанымен құттықтап, сөз сөйледі:

« Әскери ант бұл – ер жігіттің елге берген серті. Сендер – Тәуелсіздіктің тірегі, халқымыздың сенімі. Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, аман-есен оралыңдар. »   

Полковник Есім Ибраев жас сарбаздарды әскери тәртіп пен рух биіктігін, борышқа адалдықты басты ұстаным етуге шақырды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен аудан имамы сарбаздарға ақ батасын берді. 

Жас сарбаздар өз кезегінде:

«Біз Отан алдындағы борышты адал өтеуге ант етеміз! Халқымыздың сенімін ақтаймыз!» – деп, әскери қызметке дайын екендіктерін білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button