ШҚО-да құрамында спирті бар 26 тонна сұйықтық тәркіленді
ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Өскемен қаласында заңсыз алкоголь өнімдерін өндірумен айналысқан жасырын цехтардың қызметін тоқтатты.
Төрт мекенжайда орналасқан қойма ғимараттарында спиртті сумен араластыру арқылы қолдан жасалған алкоголь өнімдері өндіріліп, кейін танымал брендтердің атауымен шыны ыдыстарға құйылған.
Өнімге заңды тауарға ұқсас сипат беру үшін жалған есептік-бақылау маркалары пайдаланылған.
Тінту барысында құрамында спирті бар 26 тонна сұйықтық, «Таежный волк», «Stolichnaya», «Добрый медведь», «Казахстан» атауларымен дайындалған заңсыз алкоголь өнімдері, сондай-ақ жалған есептік-бақылау маркалары мен өндіріс және құюға арналған жабдықтар тәркіленді.
Олардың қатарында сорғылар, спиртометрлер, сыйымдылықтар және қаптау материалдары бар. Цехтарда тәулігіне 500-ден 1000 литрге дейін өнім құйылған.
Сот санкциясымен заңсыз өнімді тасымалдауға пайдаланылған 5 жүк автокөлігіне тыйым салынды.
Заңсыз алкоголь өнімдері қаладағы және облыс аудандарындағы сауда орындары арқылы сатылған.
Тергеп-тексеру жалғасуда.
Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Ол ауыр улануға, бауыр мен бүйрек секілді ішкі ағзалардың ауыр ауруларына, тіпті өлім жағдайларына алып келуі мүмкін.



